«Еліміздегі темір жол саласының бүгінгі таңдағы жағдайы сын көтермейді» деуге болады. Олай дейтін себебіміз – жолаушыларды тасымалдайтын пойыздардағы тәртіп пен санитарлық ахуал мүлдем төмен. Жолсеріктер мен пойыз бригадирлерінен бастап барлығы ауыз жаласып, пойызды жолаушылар емес, жүк тиейтін составқа айналдырған. Жолсеріктер халыққа қызмет көрсету үшін емес, қу құлқынның қамы үшін неден болса да тайынар емес. Ал құқық қорғау қызметкерлері қайда қарап отыр?! Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық тамырын тереңге жайған кәрі ағаш секілді темір жол саласын да әбден жайлап алған.

 

Бұл сөзімізге 30 шілде күні жолға шыққан «Алматы-Маңғышлақ» жолаушылар пойызындағы өз көзімізбен көрген оқиғалар дәлел бола алады. Үш күн бойы жолсеріктердің халықты малша тиеп, басып-жаншып, билеп-төстеп, заңды белінен басып, ойына келгендерін істеген жүгенсіздіктеріне куә болдық. Алматыдан шыққан пойыз Ақтауға дейін үш тәулік жүреді. Осы үш күн ішінде пойызда болған былықтардың бәрін бірдей айтып жеткізу мүмкін емес. Тек солардың бірқатарын ғана баяндайық.

Біз мінген алғашқы түні пойыз Шымкент қаласына келіп тоқтаған кезде вагондардың бүкіл жолсеріктері жабылып жүріп, пойызды көкөніс пен жеміс-жидекке лық толтырды. Вагонның есік-тесігіне, аузы-мұрнына дейін тықпалап, тіпті дәретханаға, тамбурға, адамдардың отырған жеріне дейін тиеп, аяқ басып жүретін орын қалмады. Соған қарамастан, жолсеріктер көкөністі үсті-үстіне тиеп жатыр. № 6 купе вагонының соңғы екі купесінің есігін сырттарынан жауып тастап, дәлізге дейін бастырмалатып, сықап тастады. Іштегілер ыстықтан шыдай алмай, тұншығып, айқайлап жатса да, оған құлақ асып жатқан жолсерік көрінбейді. Бірнеше жігіт болып жұмылып, жүк тиеп жатқан жолсеріктердің қызметтік киімдері жоқ, белуарына дейін жалаңаштанып алған, үсті-басы кір-қожалақ, лас, ақ тер-көк тер болып жанұшырып, үсті-үстіне тиеп жатыр. Ара-арасында «Қазір, апа, қазір. Қапты алып алайық» деп жұбатып қояды. Осылайша сәбіз, картоп, сарымсақ, қауын-қарбыздарды дәретханаға дейін сірестіріп, қалғанын пойыздың астындағы жүк сақтау камерасына салып болған соң барып, әйтеуір екі купенің есігін әрең ашты. Шашылған-төгілген сәбіздің шірік исі мұрныңды жарады. Алайда шыдауыңа тура келеді. Шыдамағанда, шыға қашып, қайда барасың? Өйткені, алда әлі екі күн, екі түн бар. «Бұларыңыз не, жігіттер? Мынау не масқара? Дәретхана мен ыдыс жуатын жерді ашыңыздар» дегенімде, жолсерік: «36 адамға бір дәретхана да жарайды» деді шімірікпестен. «Бұл не деген бассыздық?! Үстіңізден шағым түсіремін. Аты-жөніңіз кім?» дегенімде, жолсерік: «Сен көп мазамды алып кеттің ғой. Мына түріңмен Ақтауға дейін жетпей қаласың-ау. Қолыңдағы «соткаңмен» қосып, пойыздан лақтырып жіберемін» деп сес көрсетті. Мұндай қорлауға шыдай алмаған мен: «Не қауын-қарбыз тиеңіздер, не болмаса халыққа дұрыс қызмет көрсетіңіздер. Бұл не масқара?! Онсыз да 40-50 градус ыстықта тыныс алатын ауа жоқ. Пойыз сіздің жеке меншігіңіз бе?» деп едім, жолсерік: «Пойыз жеке меншікке өткелі қашан! Пойыз – менің адамдарымдыкі! Адам тиейміз бе, жеміс-жидек тиейміз бе, өзіміз білеміз!» деді зілді үнмен. Аты-жөнін айтуды талап еткенімде, тіпті құлағына да ілмеді. Жолсерік емес, бейнебір жаналғыш әзірейіл секілді. Ертеңіне «Дәретхана жасамай қалды, сол үшін жауып тастадық» деп өтірік айтып, жұртты сендіріп бақты. Вагондағы хал-ахуалдың барлығын фотоаппаратым мен ұялы телефоныма бейнеге түсіріп алдым.

Осылайша Қызылордаға дейін әрең шыдап келген мен вокзалға түскен бойда жан-жаққа телефон шалдым. «Сыбырлағанды Құдай да естімей ме?» дегендей, ақыры менің даусым пойызға қызмет көрсетіп келе жатқан «Сұңқар-1» ЖШС басшыларының құлағына да жетсе керек. Арада бір-екі сағат уақыт өткен соң, пойыз Жосалы стансасына келгенде пойыздың бригадирі Нұрғали Әбдінұров мырза келіп, «Жағдайларыңыз қалай? Не болып қалды? Бұл не шу?» деп, асты-үстіме түсіп, бәйек болды. Мән-жайға қаныққан соң дәретхананы тез арада ашқызып берді. Бұл былықтардың барлығын журналист әріптестеріме айтып, хабарлап қойғанымды, Ақтауда телевидение күтіп алатындығын айтқанымда, пойыз бастығы жатып кеп жалынды. Осыдан 3-4 сағат бұрын журналист екенімді, бұл мәселені аяқсыз қалдырмайтынымды айтқанымда, «Журналист болсаң, қайтейін?! Көп болса, газетіңе жазарсың» деп мұрнын шүйірген жолсерік те аяғыма жығылып, қасымда өзіммен бірге келе жатқан 70-тен асқан анама да қайта-қайта келіп, маза бермей, «Айналайын-ай, үш қызым бар еді. Үш мың доллар беріп, кіріп едім бұл жұмысқа. Кіргеніме алты ай ғана болды. Мені жұмыстан шығарып жібергенде, саған не түседі?!» деп, өлердегі сөзін айтып, асты-үстіме түсті. Жаңа ғана шіреніп, жан баласын танымай тұрған адамның әп-сәтте қалайша құрдай жорғалап, өзгере қалғанына қайран қалдым.

Телевидение келетінін естіген соң бригадир мен жолсерігіміз түнімен ұйықтамай, қаптарды ана вагонға, мына вагонға тышқанша тасып, таң атқанша купенің ішін тап-тұйнақтай қылып жинап, жуып қойды. Шетпе стансасына келгенде кіммен келіскені белгісіз, «Қайтарда ала кетерміз» деп сөз байласқан болуы керек, бүкіл жүкті түсіріп тастады. Айтпақшы, Бейнеуге жеткенше біздің айқай-шу шығарғанымыздан желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері мен көлік прокуратурасы да хабардар болыпты. Тіпті Ақтауға жақындаған кезде Н.Әбдінұров мырза: «Моральный, материальный ущерб» ретінде билеттеріңіздің ақшасын да қайтарып берейін. Тек бізді жамандай көрмеңіздер. Жалғыз мен болсам ештеңе емес, сөмкемді қолыма ұстап кете берермін-ау. Бірақ сіз бүкіл составтың 13 вагонындағы 26 жолсеріктің көз жасына қалып, жеп отырған нанынан айырасыз ғой. Барлығы да бала-шаға асырап отыр. Қарғысқа қалып қайтесіз?! Қазір қауын-қарбыздың пісетін уақыты ғой. Жолсеріктер де бала-шағаның қамы үшін, 5-10 теңге пайда көру үшін тиеп алған ғой» деді жалынышты үнмен. Сонда бұл күллі инфекцияның көзі – дәретхана мен тамбурға, вагонның дәлізіне тиеліп, кір-қоңыс пен тердің исі сіңіп келген жемістерді жеген адамның бала-шағасы не болмақ?! Оны ойлап жатқан ешкім жоқ.

Бұл бұл ма, ыдыс-аяқ жуатын жерге де (щитовой), жолсеріктердің отыратын бөлмесінің жоғарғы бөлігіне де ағаштан сөре жасап, билетсіз бірнеше адам алып алған (екі адамға арналған орында жеті ер адам сығылысып, сыйып отыр). Ал жолсеріктердің өздері сабылып, отыратын жер таппай, тамбурдағы жүктің үстінде отыр. Ол аздай, ерсілі-қарсылы шұбырып, «Салқын пиво! Минералка!» деп айқайлап жүрген саудагерлерден де әбден мезі боласың. Мұның үстіне жол-жөнекей ақшаға құныққан жолсеріктер купе вагонының жіңішке дәлізін билетсіз халыққа лықа толтырды. Олар болса, отыратын орын таппай, бәрі терезеге асылып, ауа келіп тұрған құйтақандай саңылауды бітеп тастады. Онсыз да күйіп-жанып, тірідей қақталып келе жатқан халық шілденің шіліңгір ыстығында аузын бақадай ашып, әзер шыдап келе жатыр. Вагонның салқындатқышы істен шыққан, іші лас, 3 күнде бір рет те жуған жоқ. «Купе» деген аты болмаса, сапасы сын көтермейтін, билет құнына татымайтын, халыққа қалай болса солай «қызмет» көрсетіп, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ, өз биліктері өздерінде жолсеріктер білгендерін істеп келеді. Бұл тек біз мінген 6-вагон ғана емес, тұтас № 377 рейстің барлық вагондарында да осындай жағдай. Плацкарт вагондардың жолсеріктері үшінші сөреге дейін толтырып, билетсіз адам мінгізіп (сықап тиелген жүк өз алдына), үсті-үстіне нығарлап тастаған. Бұлай жалғаса берсе, бір күні пойызды апатқа ұрындыруы әбден мүмкін. «Жаман айтпай – жақсы жоқ», күндердің күнінде пойыз артық салмақты көтере алмай, апатқа ұшырайтын болса, оған кім жауап береді? Бірақ мұндай ой жолсеріктердің де, пойыз басшыларының да ойына кіріп-шығар емес. Ақтөбе облысының аумағына өткеннен кейін әрбір аялдаған стансаларда жолсеріктер Шымкенттен тиеп келе жатқан көкөністерін үстеме бағасымен сата бастады. Әр данасын 70-80 теңгеден алған қарбыздарын 500 теңгеден түсірмей, сатып жатыр. Міне, сізге пойыздағы «бизнес» керек болса! Ол өз алдына, алдыңғысы аздай, жол бойы билетсіз халықты топырлатып тиеуден жалығар емес. Тазалық туралы айтудың өзі ұят. Біз көрген жолсеріктер «ұят» деген ұғымды әлдеқашан ұмытқан, қанағат, ынсап дегеннен жұрдай жандар сияқты. Ал құқық қорғау қызметкерлері көрсе де көрмегенсіп, «бәрі жақсы» деп, қарқ-қарқ күліп, жолсеріктердің арқаларынан қағып кетіп жатыр. Полиция формасын киіп, өтірік шыртиғанмен, қой терісін жамылған қасқырлар сияқты, қарапайым халықты отынға жағатын ағаш сияқты қылып тиеп, басып-жаншып жатса да, біреуі селт етер емес. Халық та осы жағдайға дән риза секілді, әбден еті үйреніп кеткен, біреуі де ләм-мим деп жақ ашып, қарсы келмейді. Өйткені, біреуінің жүгі көп, арнайы жүк вагонына салуға ақшасының қымбаттығынан қашып, жолсерікпен келісіп, артық жүк тиеп алған, енді біреуінің билеті жоқ. Сондықтан ауыздарын ашуға дәрмені жоқ.

Сонымен «Сұңқар-1» ЖШС-не қарайтын № 377 «Алматы-Маңғышлақ» рейсіндегі жағдай осындай. Арада бір апта уақыт өткен соң мекеме басшыларынан сұхбат алмақ болып, бірнеше рет телефон шалғанымызда, директоры да, орынбасары да орнында болмай шықты. Бір апта бойы бірде-бір жауапты адаммен тілдесе алмағанымызға қарағанда, бұл ЖШС басшыларының Қостанайға іссапарға кетуден қолы тимейтін секілді. Сонда темір жолдағы тентіреген халық пен жең ұшынан жалғасқан былыққа ешкім де жауап бермейтін болғаны ма? Бәрі осылай жалғаса бере ме? Бетімен кеткен берекесіздікке ешқандай тыйым болмай ма? Бұған құзырлы орындар қандай уәж айтар екен?!

                                                           Майра ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ «Ар.kz»

 

«Ар.kz» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 2008 жылғы 15 тамыз күнгі № 27 (100) саны.

Posted by: timurrr | Шілде 31, 2008

Пролог

Ассалаумағалейкум, өрмекшінің торына шырмалушы халайық! Армысыздар! “Өнерді үйрен де жирен” деген екен хәкім Абай. Сол қағидатты ұстана отырып, өз блогымды назарларыңызға ұсынып отырмын. Әзірге блогымның нақты бір тақырып ұстанатынына күмәнім бар. Сондықтан кез-келген саладағы хат-хабарлар осыннан орын алады деген үміттемін. Нар тәуекел! Қош келдіңіздер!

Posted by: timurrr | Мамыр 30, 2008

Hello world!

Айдарлар